ORTA арт-тобының жобаларындағы «Нәзік оркестр» (Fragile Orchestra) музыкалық практикасы

РУСТЕМ БЕГЕНОВ

Александра Морозова екеуміз 2015 жылы ORTA-ны музыка негізгі рөл атқаратын пәнаралық компания ретінде құрдық. Бұған менің үш кәсіби музыкалық топқа қатысу және екі фильмге музыка жазу тәжірибем де, Мәскеудегі Станиславский электротеатрында көрнекті композитор және музыкалық театрдың режиссері Хайнер Геббельске көмекші ретінде жұмыс жасағаным да әсер етті. Композитор ретінде Хайнер ондаған радио және сахналық қойылымдар жасады, Хайнер Мюллердің өзімен бірнеше жоба жасаған және Грэмми сыйлығына ұсынылған. Режиссер ретінде ол көптеген халықаралық марапаттарға ие болды, соның ішінде беделді Ибсен сыйлығы да бар. Оның театрға деген көзқарасы маған өте жақын, мен оны ұстаздарымның бірі ретінде көремін, және біз оның кейбір ұстанымдарын тәжірибеміздің негізі етіп алдық.

Рүстем Бегеновтің Хайнер Геббельспен сұхбатына сілтеме:

6 жыл ішінде біз музыкалық компоненті басым 5 пәнаралық жобаны жасадық. Мен өзіміздің музыкалық тәжірибемізді немесе, философиямызды қалай дамытқанымызды көрсету үшін, солардың біреуі туралы, «Нәзік оркестр» деп аталатын жоба жайлы қысқаша айтып берейін.

ORTA-ның бірінші жобасы 2016 жылы шықты және ол Поп-механикалық қойылым «Медея. Материал» (Pop-mechanical performance «Medea.Material») деп аталды. Қойылымның күрделі музыкалық құрылымы 6 адамнан тұратын заманауи «Игеру» музыкалық ансамблінің «тірі» орындауынан, екі актрисаның орындауында Хайнер Мюллердің «Медейматериалының» қазақ және орыс тілдеріндегі аудиожазбасынан, камертонда ойнаған 16 кәсіби сән модельдернен, арнайы моторлы бейнекамералардың дыбыстарынан, сондай-ақ Arduino платформасы негізінде жиналған 12 музыкалық роботтан тұрады.

«Медея. Материал» Поп-механикалық қойылымының трейлері:

Бұл жобада біз ашық музыка принципін қолдандық: спектакльдің барлық қатысушылары әрекет құрылымының негізгі тораптарын білді, бірақ бұл құрылымның ішінде әркім өзінің музыкалық сезімін басшылыққа ала отырып, өз әрекетін өз қалауынша орындады. Мысалы, орындаушыларға қондырғылардың біріне барып, сандық тақтаның бағыты бойынша камертонды ұру керек болды. Бірақ қаншалықты жылдам барып, қандай күшпен соғуды - әр сәтте әр орындаушы өзі шешуі керек болды.

2019 жылы біз үшінші кезеңдегі жобамызды - «Мыңдаған томдық романның бірінші томының пайда болуы» мистерия-манифестін (A mystery-manifeesto «The Appearance of the First Volume of the Novel in Thousands of Volumes») шығардық. Сол уақытқа дейін біз екі жыл бойы достарымызбен «Нәзік оркестрді» жаттықтырып келген болатынбыз. Жоба Александра Морозованың ән айту арқылы достармен сөйлесуге болады деген идеясынан туындаған: гитараның, қобыздың және кез келген басқа аспаптардың сүйемелдеуімен сұрақтарды, мәселелерді талқылауға және ең бастысы бір -біріне қошемет сөздер айтуға болады. Бұл дәстүрлі қазақ айтысына өте ұқсас, тек екі адам қатысатын айтыстан айырмашылығы, нәзік оркестрде қатысушылардың бәрі ән айтады. Сонымен қатар бұл практика «жақсы» ән айту немесе ойнау қажеттілігінен азат етіп, ортақ бірлескен практиканың ерекше жағдайын тудырып, «өнер көрсетушілер» мен «көрермендер» деп бөлінуді жоюға мүмкіндік берді. Мұндай оркестрдің «нәзік» деп аталу себебі ол негізінен өте нәзік материадан тұрады: қатысушылардың көңіл -күйі, өзара сенім, бір -бірінің сөзін іліп ала кетуге және толықтыруға мүмкіндік беретін нәзік күйге келтіру. Әрине, кейде әндер ойдағыдай шықпай жатты - бұл да біздің ерекше практикамыздың бір нәзік сұлулығы болды.


Нәзік оркестрдің негізгі принципі - кез келген аспапты, дыбысты, сөзді, нотаны және әуенді қабылдай білу. Бірақ, ең алдымен, бұл, әрине, кез келген адамды қабылдай білу туралы. Нәзік оркестрдегі музыка - бұл «музыканы есту қабілеті», музыкалық білімі немесе басқа да көпшілік қабылдаған «музыкаға деген қабілеттердің» болуы немесе болмауына қарамастан, кез келген адам қатыса алатын тәжірибе. Оның мақсаты өзімізді көрсетуде емес, яғни кейбір сыртқы тыңдармандарға ұсынылуы тиіс «әдемі» немесе «дұрыс» музыкалық туынды жасауда емес. Оның мақсаты - әр қатысушының ішкі музыкалық сезіміне бағынатын бірлескен шығармашылық процесінде. Сондықтан нәзік оркестрді классикалық музыкалық шығарманы бағалау критерийлері сияқты өлшемдерді қолданып бағалауға болмайды. Техникаға келетін болсақ, біздің байқауымыз бойынша, нәзік оркестрде тәжірибе барысында белгілі бір ортақ музыкалық немесе бейнелі тақырып туындайды - ол әрқашан өздігінен және табиғи түрде туындайды, содан кейін музыканы ойнау процесінде дамиды, кеңейеді немесе тіпті ашылады. Кейде бұл тақырып барлық қатысушыларға белгілі ән болуы мүмкін, кейде - кейбір идиомалық тіркес немесе сөз.

Сонымен, «Мың томдық романның бірінші томының пайда болуы» жобасы үшін біз Open Call негізінде қатысушыларды таптық, 8 бейтаныс адамнан тұратын нәзік оркестрді жинадық, бірақ, әрине, біз ешкімді таңдамадық немесе ешкімнен бас тартқан жоқпыз. Келген адамдар өз қалауларымен қалды. Адамдар жаттығуға әр түрлі аспаптарды әкелді, сонымен қатар әртүрлі импровизацияланған заттарды аспап ретінде қолданды: үстелдер, табақтар, алқалар, шлангілер. Бір ай бойы біз импровизация жасадық, нәтижесінде спектакльдің музыкалық негізі ғана емес, оның құрылымы да пайда болды. Спектакль Алматыдағы Орталық әскери үйінің үлкен мәрмәр залында үш түн бойы көрсетілді.

«Мың томдық романның бірінші томының пайда болуы» трейлері:

2020 жылдың күзінде біз Нәзік оркестрдің ашық эксперименттер сериясын жасадық, қатысушыларды Open Call әдісін қолданып шақырдық және олардың барлығымен мадақтаудың элементін қолданып көрдік, яғни біз жаттығуға келген барлық 25-30 адамдардың әрқайсысын мадақтадық.

Сілтемені бассаңыз - сіз ашық эксперименттердің біреуінің увертюрасын тыңдай аласыз:

Тәжірибелер сәтті болды, ал 2021 жылдың наурызында біз Мәскеудің Мейерхольд атындағы театр орталығының директоры Елена Ковальскаядан Халықаралық Noname фестиваліне бірлескен жобаны жасауға шақыру алған кезде, біз негізгі элементтердің бірі - Нәзік оркестр тәжірибесі болатынын білдік. Бұл Мейерхольд орталығының барлық қабаттарында ұсынылған Қазақстанның жаңа данышпанының жетістіктерінің көрмесі, Жаңа данышпан теориясы бойынша бірінші халықаралық конгресс және Станиславский электротеатрында өткен біздің «Мың томдық романның бірінші томының пайда болуы» кітабымыздың тұсаукесерінен, сондай-ақ Мейерхольд орталығының үлкен залында орын алған «Дзен-феерия «Бірінші атом бомбасы тойтарғышы» (Zen-extravaganza «First Atomic Bombrreeflector») сахналық қойылымынан тұратын күрделі жоба болды. Біздің Дзен-феерия -ның 5 көрсетіліміне бізбен бірге Мәскеуге алып кету үшін, біздің тапсырысымыз бойынша Семейде 500 дана шағын домбыра жасалды. Яғни, спектакль кезінде біз Мәскеу көрермендеріне домбыралар тараттық, ал пианист Нұргүл Нүсіпжанова өзі өңдеген «Дударай» әнінің музыкалық тақырыбының жанды орындауы астында барлық көрермендер бізбен бірге шағын домбыраларда ойнап, залдағы әр көрерменге мадақ айтты. Біз осылайша нәзік оркестрді бір мезгілде 100 бейтаныс адаммен жүргізуге болатынын дәлелдедік. Спектакльдердегі көңіл-күйден және спектакльден кейін көрермендердің пікірлерімен танысқаннан кейін біз Нәзік оркестрді сезімтал және сонымен бірге қарқынды, бірлескен шығармашылық қуанышы бар және өзін көрсету мен бағалауды қажет етпейтін, жүздеген адаммен де жүзеге асыруға болатын көркем және рухани практика деп айта аламыз. Біз бұл тәжірибені адамдар әлемнің кез келген түкпірінде қолдана алуы үшін оны әрі қарай дамытуды және оның қағидаларын айқындай түсуді жоспарлап отырмыз.

Сілтеме бойынша - Мейерхольд орталығындағы «Дзен-феерия «Бірінші атом бомбасы тойтарғышы» кезінде көрермендерді мадақтаудың үзіндісі, Мәскеу, 2021 ж., маусым.

ORTA және біздің жобалар туралы толығырақ білгіңіз келсе:

orta.kz

ortacenter.com